Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінің Қазіргі заман тарихы бөлімінің қызметкерлері жоспарға сәйкес, көрнекті ғалым, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Шаяхмет Молдабековке арналған «Қызмет пен Құрмет» атты көшпелі көрмені ұйымдастырды. Қаншама жыл жастарды білімге, ғылымға бағыттаған тұлғаның көшпелі көрмесі оның өзі қаншама жыл басқарған – қазіргі М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінде өтті. Бұл – заңдылық, өйткені Шаяхмет Молдабекович 1968 жылдан 2005 жылға дейін осы оқу орнында – Қазақ химия-технологиялық институтында ғылыми-педагогикалық қызмет атқарып, 1980-1987 жылдары оның ректоры болды. Көрмеге музей қорындағы ғалымның өмірбаяны мен өмір жолынан сыр шертетін құжаттар, фотосуреттер, ғылыми еңбектері, марапаттары мен жеке заттарынан тұратын экспонаттар қойылды. Көрмені университет студенттері тамашалап, ғалымның өмір жолымен танысты. Іс-шараға ғалымның көзін көрген, бірге қызметтес болған, тәлімін алған оқытушылар қауымы да қатысты. Ғалыммен бірге өткерген шақтарын еске алып, оның ұстаздығы, талапшылдығы, ғылымға адалдығы туралы қызықты деректермен бөлісті. Олардың естеліктері студенттер үшін үлкен тағылым болды. Ол 2005 жылы ғылым, техника және білім саласындағы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атанды. Көрме студенттерді ғылымға құштарлыққа, еңбекке адал болуға үндейтін рухани кездесуге айналды.
